Құрманғазы ауданы
Құрманғазы ауданы — Атырау облысының батысындағы әкімшілік бөлік. Аудан 1928 жылы құрылған. Жер көлемі - 20,8 мың км². Халық саны 2023 жылғы мәліметке сәйкес 56,1 мың адам болды. Әкімшілік орталығы — Құрманғазы (бұрынғы Ганюшкин) ауылы. ГеографиясыҚұрманғазы ауданы батысында Ресейдің Астрахан облысымен, солтүстігінде Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы және Жаңақала аудандарымен, шығысында Атырау облысының Исатай ауданымен шектеседі; оңтүстігін Каспий теңізінің суы шайып жатыр. Жер бедері, негізінен, жазық, құмды және Каспий теңізіне қарай еңіс келеді. Ауданның солтүстігі теңіз деңгейінен 3 м биіктікте болса, оңтүстігі теңіз деңгейінен 25 — 27 м төменде жатыр. Нарын құмына қарасты Қосдәулет, Батпайсағыр, Бұзанай және Ментеке атты құмдардың бөліктері аудан жерінің көпшілігін қамтиды. Аудан солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай 290 км-ге созылған. Ауданның теңіз жағалауында көптеген аралдар (Зюйд, Самовий, Баба, Коневский осередок, Жамбай т.б.), түбектер (Бабья Коса, Сухая Долгая коса, Тришкина коса т.б.), шығанақтар (Бабий, Синее Морцо, т.б.) кездеседі. Ауданның орталық бөлігі біршама көтеріңкі келген. Мұнда аудандағы ең биік жер -Құдайберген төбесі (14 м) орналасқан. Төбеден шығысқа қарай 15 км жерде абс.биіктігі 13 метр болатын Бесшоқы қырқасы алып жатыр. 200 -ге жуық сорлар, қыстаулар мен жайлаулар, құдықтар, қоныстар т.б. географиялық нысандар көптеп кездеседі. ТарихыАудан тарихында халқымызды еуропалық мәдениетке үндеп, өркениетті елдердің мәдени-рухани мұрасына жақындауға, білім-ғылымды игеруге көп үгіттеген және сол бағытта ұлан-асыр еңбек еткен ағартушы, кезінде 40 жыл бойы I және II Теңіз жағалауы округтерінің әкімі (правитель) М.Бекмұханбетовтің еңбектері аса зор болды. Ауданды ұйымдастыру науқаны тұсында ондаған балықшы, мал шаруашылықтары құрылды. 1918 ж. 16 ауылдық, кенттік Кеңес депутаттары 20 шағын балықшы кәсіпорындарын біріктірді. 30-жылдардан бастап тұтынушылар кооперациялары ұйымдастырыла бастады. 1920 жылғы қараша айында Орынборда өткен ҚазАКСР-інің құрылтай съезіне осы өлкеден делегат болып Ө.Айтасов қатысқан. 1922 ж. Бөкей губерниясы Кеңестерінің съезінде Теңіз уезі болып белгіленген де, оның құрамына 15 болыс біріктірілген. Ал 1928 ж. аудан болып құрылды. 1932 жылдың 1 мамырына ауданда 16 ұжымшар, 17 ауылдық кеңестері құрылып, Мыңтөбе, Қарағайлы, Дыңғызыл өңірлерінде тұрақты қазақ елді мекендерінің іргесі қалана бастады. Ұлы Отан соғысы жылдарында 7 мың азамат майданға аттанып, олардың 4 мыңы елге қайтпады. М.Мұсаевқа, А.Афанасьевке, Ф.Мазуровқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, Ғиззат Әліпов жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің толық иегері болды. Ауданның әлеуметтік-мәдени өміріндегі оң өзгерістерге Н.Манаевтың сіңірген еңбегі зор. Ол 1921-23 жылдары Теңіз уездік атқару комитетінін төрағасы болды. Кейін Қазақстанның оқу халык комиссары бола жүріп, аудан өңіріндегі, әдеби-мәдени жаңалықтарға үнемі үлес қосты. Еділ бойында қазақ тілінде жарық көрген алғашқы газеттердің бірі — «Кедей тілінің» жұмысына тікелей араласып, көмектесті. Теңіз өңірі - ертеден өнер дарыған жер. Күй атасы Құрманғазы, домбырашы Дина Нұрпейісова осы топырақта дүниеге келген. Күйшілер Ә.Есқалиевті, Б.Қарабалинаны жерлестері мақтан тұтады. Аудан топырағы Республика халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың туып-өскен жері; оның ізін баса шыккан Е.Ғұмаровтын, О.Елбосыновтың әдеби мұралары елге танымал. 1944 ж. ауданда ұйымдастырылған Теңіз ұжымшар- кеңшар театрында тәрбиеленген ҚазКСР-інің халық артисі 3.Сүлейменова мен X.Дүйсенәлиевтердің ізбасарлары 1959 ж. Теңіз халық театрын ұйымдастырды. Әкімшілік бөлінісіАудандағы 49 елді мекен 19 ауылдық округке біріктірілген:
Ірі елді мекендері
КлиматыКлиматы — қатаң континенттік, қаңтардың орташа температурасы –8°С, шілденікі +21°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 100 — 150 мм. Салқындықпен жылылық жиі ауысып тұрады. Жазда ыстық кейде 40-43 градус болса, қыста суық 20-25 градусқа жетеді. Сәуір-мамыр, қыркүйек-қазан айларында жаңбыр жауады. Жылдың салқын кезінде (қараша-наурыз айлары аралығы) мұнда Сібір антициклонының батыс тармағынан келген ауа массасы басым болса, жылдың жылы мезгілінде Орталық Азия және Ираннан келген тропиктік ауа массасының ықпалы үстем болады. Жауын-шашынның басым бөлігі (60-65%) жылдың салқын айларына келеді. Ауданда жел жиі соғып тұрады. Оның жағалау бойындағы жылдық орташа жылдамдығы 5-6 м/сек., Нарын құмында 3-5 м/сек. Шаңды-боранды күндер 10-20 тәулікке жетеді. ТабиғатыАуданның оңтүстік батысында және оңтүстігінде (теңіз жағалауына жақын өңірде) шалғынды қоңыр, батпақты-шалғынды және жайылымның шалғынды топырағы қалыптасқан. Солтүстігіндегі Нарын құмында топырақ жамылғысы негізінен кәдімгі құмдақты сұр, құмдақты сортаң және сор топырақтардан тұрады. Шаруашылыққа пайдаланылатын сулары Каспий теңізінің солтүстік-батыс бөлігінен, оған келіп құятын Еділдің Қиғаш және басқа салаларынан, Нұрман, Манаш, Шектай және басқа көлдерден тұрады. Өсімдік жамылғысына еркек шөп, ақ жүзгін, боз, изен, ебелек, теріскен, қоңырбас кіреді. Қиғаш өзені бойында сұлулықтың символы – тұңғиықгүл (лотос) өседі. Жануарлар дүниесінен қарақұйрық, ақбөкен, түлкі, қасқыр, қоян, сарышұнақ, қосаяқ, тышқандардың көптеген түрі бар. Құстардан аққұтан, көкқұтан, аққу, бірқазан, шағала, сұқсыр үйрек, қасқалдақ кездеседі. Балықтардан - бекіре, шоқыр, қортпа, шип, ақбалық, сазан, жайын, шортан, табан, көксерке, құты, алабұға, қызылқанат, майшабақ т.б. кездеседі. Халқы
Аудан тұрғындарының басым көпшілігі қазақтар (97,7%). Халықтың орташа тығыздығы әр 1 км²-ге шаққанда 2,2 адамнан келеді. Негізгі кен байлықтарыКен байлықтарынан мұнай мен газ, құрылыс тастары, қиыршық тастар, әктас, кірпіш құятын саз балшық бар. ЭкономикасыӨнеркәсіп орындары құрамына Құрманғазы мұнай өндіру кәсіпорны, “Дәулет”, “Каспийбалық”, “Дельта-Каспий” ЖШС-тері, “Мақаш”, “Ақжонас”, “Жаңажол”, “Нұржау”, “Наурыз”, “Жазира”, “Еділ”, “Тұңғыш”, “Мұрагер”, “Қызылтаң” балық аулау ӨК-тері, Ганюшкиндегі май, Шортанбайдағы балық зауыттары кіреді. Ауыл шаруашылығы төрт түлік мал мен аздап суармалы-егін өсіруге (картоп, көкөніс, бақша, мал азықтық дақылдар) маманданған. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерінің аумағы 1868 мың га, оның 4 мың гектарға жуығы егістік, 50 мың гектары шабындық, 1814 мың гектары жайылымдық жер (2002). 20 ғасырдың 90-жылдарының ортасына дейін ауыл шаруашылығымен 8 қой өсіретін кеңшар, 1 көкөніс-сүт кеңшары, 8 қосалқы шаруашылық айналысып келді. 1996 ж. кеңшарлар таратылып 9 акционерлік қоғам құрылды. Бұлардан басқа ауданның ірі ауылдарында ауыл шаруашылығы техникасын жөндейтін шеберханалар, байланыс бөлімшелері, баспахана мен тұрмыс қажетін өтеу комбинаты (Ганюшкинде), техника жөндейтін станок (Ақкөл кентінде), автобекеттер жұмыс істейді. Аудан арқылы Атырау — Астрахан тас жолы өтеді. Әлеуметтік нысандарыАуданда білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінен 25 орта, 7 орталау мектеп, музыка, спорт мектептері, кәсіптік-техникалық мектеп, 36 клуб, 40 кітапхана, аудандық аурухана, емхана, 4 учаскелік аурухана, өкпе аурулары санаторийі, орталық дәріхана, 4 елді мекенде оның бөлімшелері, санитарлық эпидемиялық станса, дизенфекциялау стансасы, обаға қарсы күрес бөлімшесі, 28 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. МәдениетіАудан өңірі ежелден өнер дарыған өлке. Ауданнан есімдері қазақ халқының мақтанышына айналған Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейлер шыққан.
1928 жылы аудан құрылған кезде ауданда 2 клуб жұмыс жасаған.
Ал, алғашқы драма үйірмесі 1920 жылы Дәшінде ұйымдастырылған. Оның жетекшісі Д.Құлбаев, әртістері Б.Жұмашсв, Ә.Ситәлиев, Ш.Сүлейменов, Н.Шимановтар болған. Олар сол жылы “Надандықтың құрбаны” атты шағын спектальді ел арасына қойған. 1922 жылы драма үйірмесі Ганюшкинде ашылып, оған Ш.Манаева, Қ.Құдайбергенова және басқалары қатысып, бір актілі пьесалар қойған. 1931-1932 жылдары ауданда 5 кітапхана, 13 клуб, 1 тұрақты, 13 жылжымалы киноқондырғы болған.
20-30 жылдары ауданда драма үйірмелсрінің саны 10-15-кс жетіп олар М.Әуезовтың “Еңлік-Кебек”, “Жалбыр” пьесаларын қойып, халық арасына батырлық эпостарды жатқа оқып, елді сауаттандыру жұмысына белсене араласты.
1939-1940 жылдары бүгінгі Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрының негізін қалаған Теңіз колхоз-совхоз театры ұйымдастырылып, 7- жылдай жұмыс жасаған да әртістер облыс орталығына ауысқан.
1952 жылы 21 клуб, 19 кітапхана, 1 автоклуб жүмыс істеді. 1957 жылы ауданда драма үйірмесі ұйымдастырылып, оған Д.Ғұмаров жетекшілік жасады. Үйірменің алғашқы қойылымдары Ә.Әбішевтің “Күркенің құлауы” және И.Машановтың “Жеңге” пьесалары болды. Өнерпаздар негізінен домбыра, гармонь, баян, патефон сияқтыларды пайдаланды. Әкімдері
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
|